Алматы облысында өлместің күйін кешкен жұрт шу шығарды

Әлмерек ықшамауданында 7 мыңнан астам түтін бар. Былтыр Гүлдала ауылдық округінен шығып қалаға кірген. Бірақ, мұндағылар өздерін қала тұрғыны ретінде сезінбейді. Себебі, ықшамаудан өркениеттен мүлдем жұрдай.

Амантай Бұқарбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Біз қалаға кірдік деп мәз боламыз. Бала-шағамызға, немеремізге айтамыз. Біз қалаға кірдік деп. Бір айдалада жүрміз ғой, шынын айтқанда.

Мұнда 7 жылдан бері жол да жөндеу көрмей келеді. Көлік түгілі, адамның жүруі қиын. Көктем келсе шұрық-тесік жол батпаққа айналады, ал қыста қалың қар басады.

Гүлнар Қасымбекова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Бұл жерде жаңбыр, қарлы айларда жүре алмайды. Суға шомылып, батпаққа шомылып. Өзіміз де шыға алмаймыз жұмысымызға.

Тұрғындар 7 жылдан бері қоғамдық көлік мәселесін де шеше алмай келеді. Мына аялдамаға жұрт ит өлген жерден жаяу жетеді екен. Тіпті, 2 шақырым қашықтықты артқа тастайтындары да бар. Қалаға қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік жолдың нашарлығынан ықшамаудан ішіне кіруден бас тартқан. Ал, мұның зардабын әдеттегідей қарапайым халық тартуда.

Жарықты да жұрт кезінде өздері жүргізген. Сөйтіп, көршілес елді-мекенді электр қуатымен қамтитын мекемеге жалынып, қостырып алыпты. Оның өзін екі күн бұрын қиып тастаған.


Құралай Нұрбекова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қайтадан барып, сіз жақсысыз деп, ана кісіні қазанға дейін уақытша көндірдік.Қазаннан  кейін Қонаев колхозы бізді өзінің трансформаторынан өшіреді.

Енді, қазан келсе болды, тұрғындар жарықсыз қалмақ. Ал, олардың қалауы электр энергиясын мемлекеттік меншіктен алу. Жұрттың жиналып, шулап жатқанын естіген шенеуніктер де дереу жетіпті. Бірақ бірде бір сұраққа сол күйі жауап қата алған жоқ.Әлмерек тұрғындарының 7 жылдан бері естіп жүргені осы. Әкімдер бір-біріне сілтейді. Жұрт енді кімге арызданарын білмей тығырыққа тіреліп отыр.

Loading...