Батырды ақтық сапарға шағарып салуға ауыл тұрғындары шықты. Мұнда Алматы қаласы ІІД басшысы Серік Күдебаев пен Еңбекшіқазақ ауданының әкімі болды.
Осыған дейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Еңбекшіқазақ ауданы, Бөлек ауылына барып, ажал құшқанның отбасына және туған-туыстарына көңіл айтты.
«Бұл ақталмайтын қылмыс. Азаматтардан айырылу - баршамыз үшін де ортақ қайғы. Оларды бүгінгі күннің батыры дейміз. Осындай ұл тәрбиелегендеріңіз үшін алдарыңызда басымызды иеміз. Дәл қазір сіздерге қолдау көрсетіп, жан-жақты жәрдемдесу - біздің міндетіміз», - деді облыс әкімі.
Әкім Тимур Бегасыловтың отбасына Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін тапсырды.
Еске сала кетейік, Тимур Бегасылов 19 шілде күні, 13 сағат 45 минутта Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл жерге 18 шілдеде жарақатпен ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресті.
Тимур Бегасылов ішкі істер саласында 2015 жылдың қаңтар айынан бері жұмыс істеп келген. 25 шілдеде 30 жасқа толар еді.