Алматы облысында қаңғыбас әйел зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасады

Облыстың ІІД баспасөз қызметінде хабарлағандай, белгісіз әйел зейнеткердің үйіне баса-көктей кіріп, күш қолданып, 200 мың теңгесін қымқырып кеткен.

Жәбірленушіні халат белбеуімен байлап кеткен, байлауды шешкен әйел «жедел жәрдем» мен полицейлерді шақырған.

Күдікті әйелдің кім екені көп ұзамай анықталды. Ведомстволық тізімде ол Шығыс Қазақстан тумасы деп көрсетілген, бұдан бұрын да ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Тұрақты тұратын жері жоқ күдікті ұрланған ақшаға спорттық киім сатып алып тұрған кезде киім сататын базарға жақын жерден ұсталды.


Қазір әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қарақшылық шабуыл фактісі бойынша сот алды тергеу басталды, тергеу барысында полицейлер оның осындай басқа қылмыстарға қатыстылығының бар-жоқтығын тексереді.