Надежда әжейдің үйіне су келмей қалғанына екі аптаның жүзі болған. Күн ысыған сайын қарт кісілерге сусыз отыру тіптен қиын. Түнде сыздықтап аққан қасық суды бос ыдыстың бәріне құйып отырады. Үйдегілердің бәрі, тіпті қаз-үйрекке дейін суды үнемдеуге көшкен.Қазір ауылдағы тұрғындардың барлығы дерлік осындай күйде отыр. Әкімдікке айта-айта шаршадық деген олар түйткілді жеткізу үшін тілшілерді шақырған.
Сайра Исаева, Қайнар ауылының тұрғыны:
-Әкімнің өзінің қарны тоқ, бізбен шатағы жоқ. Жаз болса мынау, күн болса ыстық. Үйде су жоқ. Түн ішінде бір-екі тамшы су шығады. Соны жинап-жинап аламыз да біресе кірге, біресе тамаққа жұмсаймыз. Бізге сол суды шығарып берсін.
Мәселенің бәрі мына тас қоршаудың ішіндегі ауылды түгел қамтитын жерасты су қайнарына байланысты болып тұр. Тұрғындардың айтуынша, осы төңіректі біреу жекеменшікке сатып алған. Содан бері жұрт тіршілік нәрінен тарыға бастапты. Алайда әкімдік жеке кәсіпкердің ауыз суға түк қатысы жоқ дейді. Бүкіл ауылды қамтуға бұл бұлақтың мүмкіндігі жетпейді екен. Сондықтан қазір ауылды аудандық су құбырына қосу қарастырылып жатыр.
Бекәли Түңлікбаев, Қайнар ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
-Талғар қаласының су құбыры мекемесі бар. Соның базасында аудандық су құбыры құрылып, қазіргі бізде бес ауыл соған өтті. Соның тізімінде осы Қайнар ауылы да бар. Енді бір айдың көлемінде біз өткізіп бергеннен кейін жаңағы мекеме жауапты болады.
Қырық күн шілденің ыстығы таяғанда сусыз отыру, әсіресе, ауыз бекіткен ағайындарға қиын тиіп отыр. Ал жергілікті әкімдік ауыл аудандық су құбырына қосылғаннан кейін мәселе шешіледі дейді. Ал оған дейін кемі бір ай қарашаға қақсып отыруға тура келеді.
Loading...