Алматы облысында терісі бағалы 9 мың аңды өлтірген: полиция қылмыстық іс қозғады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысы Бақанас ауылында ондатрдың 9 мың терісі тәркіленді, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ондатр – кеміргіштер тобына жататын терісі бағалы аң. Аң жылына 2-3 рет көбейіп, 25-30-ға дейін ұрпақ береді.

Тәртіп сақшылары браконерьдің Mercedes Benz микроавтобусынан 9 мыңға жуық аң терісін тапты. Аң терісі үлкен сөмкелерге салынған. Ұсталған ер адамда аң аулауға рұқсат берілгені туралы құжаттар болмаған. Ол аң терісін қайта сату мақсатында белгісіз біреуден 4 миллион теңгеден астам сомаға сатып алғанын айтты.

Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігі 4-тармағы (ірі залал келтіре отырып заңсыз аң аулау) бойынша іс қозғалды.


Ведомство мемлекетке келтірілген шығын сомасын есептеп жатыр.