«Тергеу жұмыстары басталғанына көп уақыт өткен жоқ. Министрліктің комиссиясы құрылды. Біздің қызметкерлер мен ТЖ қызметкерлері оқиға орнына барып тексеруде. Алдын ала себепке тоқталатын болсақ, апатқа ауа райы жағдайы әсер етуі мүмкін. Осының салдарынан тікұшақ суға сәтсіз қонып, бүйіріне қарай жантайып қалды. Апаттың себебі тексерілгеннен кейін, оның нәтижелерін жақын арада хабарлаймыз», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, ұшқыш ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматы облысының ТЖД кезекші бөліміне Ақкөл ауылының оңтүстік-батысынан 9 шақырым жерде, Іле өзеніне BELL-206 тікұшағы апатты жағдайда қонғаны туралы хабарлама түсті. Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Қазәуенавигация» диспетчерінен алынған деректерге сәйкес, тікұшақ «Әуепарк» ЖШС-ға тиесілі. Бақты-Арал төбе бағыты бойынша жеке мақсатта ұшырылған.
Тікұшақ қонған кезде Іле өзенінің жағалауында болған орманшы Берік Арыстанбаев зардап шеккендерді жағалауға шығарған. Зардап шеккен ұшқыш пен жолаушы Балқаш аудандық ауруханасына жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілді.