Алматы облысында түйнеме жұқтырды деген күдікпен 61 адам бақылауға алынды


Қаскелең қаласының ауруханасына 30 қыркүйек күні Жандосов ауылының екі тұрғыны түйнеме ауруына тән белгілермен түсті. Анықталғандай, 14 қыркүйек күні ауруханаға жатқызылғандар Үшқоңыр ауылдық округінің аумағында ірі мүйізді қараны союға қатысқан.

Аяғын сындырып алған сиыр сойылып, оның еті көршілерге сатылған. Етті 10 үй өзара бөліскен.

Қарасай ауданы тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігінің эпидемиялық қадағалау бөлімінің қызметкерлері 61 адамды бақылауға алды.

«Байланыс жасаған топ тексерілгеннен кейін елді мекенді карантинге жабудың қажеті жоқ деген шешім қабылданды. Оның үстіне ағымдағы жылдың 29 мамырында осы індетке қарсы малды егу жұмыстары жүргзілген. Арнайы зерттеулер жүргізу үшін ет пен басқа да биологиялық заттар тиісті орынға жіберілді», - деп түсіндірді ауданның эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекшісі Айзада Жұмағұлова.

Облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының ақпараты бойынша, сынамалар ауруды растамады. Сойылған малмен байланыста болғандар бақылауға алынды.