Бұл жұқпалы аурулар ауруханасында тәртіп қазір әдеттегіден қатал. Дәрігерлер жабылып «сібір жарасымен» күресіп жатыр.
Абай Бастарбек, Қаскелен қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Ол кісілер қыркүйекте түскен. Алғашында жағдайлары ауыр болатын. Қазір оңалып келеді. Керекті емін алып жатыр.
Ал індеттің ошағы Жандосов ауылынан шығып отыр. Тауда мал жайлаған шаруалар ауру сиырдың етін сойып, өзара бөлісіп жеген. Кеселі бар етті жіліктеп көршілеріне де таратып беріпті. Аса қауіпті инфекция анықталған 120 келі етті мал дәрігерлері түгел өртеп жіберген.
Бердімұрат Тәжібаев, Жандосов ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- Малдың иесі етті көршілеріне сатқан ғой. Олардың үйіндегі еттерді бәрін алып, тоңазытқыш пен ыдыс-аяқты түгел залалсыздандырдық. Бәрі бақылауда. Тауда малды ұстап отырмыз. Жерге түсірген жоқпыз, бәрі тауда. Ауру ошағы сол жақта.
Бір ғана Жандосов ауылында 198 шаруа қожалығы бар екен. Мамандар қазір бірен –сараңының ғана малын жайылымнан бері жібермей ұстап отыр. Әзірге, «сібір жарасы» бір ғана малдан ғана анықталған. Ал қалғандары – төрт түлігін көрсетпей қорасында жасырып отыр екен.
-Жандосов ауылында сойылған малдың еті жілік-жілігімен ең біріншіден Алматы қаласына жеткізіледі. Қазір мұнда жаппай карантин жарияланған. Яғни, «малдың етін союға немесе оны алып барып сыртқа сатуға рұқсат жоқ» делінгенімен, ауру малдың етін қалың жұртқа жетпеуін де қадағалап отырған мұнда ешкім жоқ.