Жаңа қожайыны көшені жауып, не көлікті, не жаяуларды өткізбей отыр. Ал Бесағаш ауылының жұрты болса негізгі трассаға шығу үшін елдімекенді шыр көбелек айналып, уақытымызды сарп етіп жүрміз деп шағымдануда. Талғар ауданының бас жоспарына енгізілген көшені әкім-қаралардың сатып жібергені рас па?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Талғар тас жолына бірнеше минуттың ішінде жететін тұрғындар енді бірнеше шақырымды артқа қалдыруларына тура келеді. Талай жылдан бері пайдаланып келген көше кенеттен жекенің қолына өтіпа кетіпті. Ал автоорталық күзетшілері бұл жерге тірі пендені жолатпауда.
"Өтіп кетейік деймін көлігіміз әне тұр. Бұл жер жекеменшіктікі. Жаңа біз өттік қой, неге өткізбейсіңдер?".
Жұрт Бесағашқа 2010 жылдан бастап қоныстаныпты. Өз есебінен су құбырын жүргізіп, электр желілерін тартыпты. Асфальт төсеп, пайдаланып келген. Талғар аудандық мәслихаты көшеге Бөгенбай батырдың есімін беріпті. Өстіп игілігін енді көреміз бе деп жүргенде бірнеше ай бұрын жер телімін автоорталық сатып алыпты.
БАҚЫТГҮЛ МҰХАМЕТЖАНОВА, БЕСАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
"Күнара мына жолды жауып тастайды. Біресе ашқызамыз. Милиция келеді. Әкімшіліктің адамдары келеді, ашқызамыз. Қайтадан жауып қояды. Бала-шағамыз бар, баламыз бар. Бізге ешқандай басқа жерден жол жоқ. Алтернатива жоқ. Тек осы жол».
Осылайша, екі ортада әуре-сарсаңға түскен тұрғындар негізгі тас жолға шығу үшін 1,5-2 шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр болып отыр.
"Бесағаш тұрғындарының жалғыз кіріп-шығатын жолы осы. Бұның өзі өзге біреудің жекеменшік жері. Егер бұл жер сатылатын болса, тұрғындарға тікұшақ сатып алудан басқа амал қалмайтын түрі бар".
Ал аудандық әкімдіктегілер Бесағаш елді мекеніндегі бұл көше 2008 жылы жол белгіленіп, 2013 бас жоспарға енгізілгенін жеткізді. Бұл жер теліміне котедждер қалашығын салу жоспарланыпты. Бірақ, иесі белгісіз себептермен 1 гектар аумағын автоорталыққа сатып жіберіпті. Ал аудандық әкімдік қызметкерлері әзірге құрылыс салуға рұқсат берілмегенін айтады.
ҚУАНЫШ ӘСКЕЕВ, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
"Нысаналы мақсаты - котедж қалашығы құрылысын салу үшін. Негізгі пайдалану автотұрақты уақытша пайдаланып отыр. Құрылысқа ешқандай рұқсат қағаздарын алған жоқ. мақсатиын өзгертуге өтініш білдірген жоқ".
Автоорталық өкілдері жер телімін заңды түрде сатып алғандарын жеткізді. Қолдарындағы мемлекеттік актіде көше көрсетілмепті.
АРХАТ КЕНЕНБАЕВ, АВТООРТАЛЫҚТЫҢ ӘКІМШІЛІК ДИРЕКТОРЫ:
"Бизнесті ары қарай дамыту жоспары бар. Сол бизнесті дамыту жоспарына сәйкес, жол ол жерде қарастырылмаған. негізі Госакті бойынша ол жерде жол жоқ. Ешқандай шектеу жоқ".
Бас жоспарға еніп, мемлекеттік актіден түсіп қалған көшені кері қайтару үшін жергілікті әкім аудан басшылығына хат жолдауы тиіс екен. Содан кейін ғана бұл жер көпшілік пайдалануына қайтарылмақ. Бұл мәселенің қашан жүзеге асатыны жұмбақ күйінде қалып отыр.