31-қазанда Широкая щель шатқалындағы "Монтажник" саяжай қоғамы аумағынан атылған үш еркектің мәйіті табылған. Шұғыл іздестіру шараларының барысында 45 жастағы Алматы тұрғыны ұсталды. Ол аталмыш саяжайда уақытша тұрып жатқан. Тұтқын өзінің үш адамды бірдей өлтіргенін мойындады.
Тергеу барысында белгілі болғанындай, 31-қазанда күдіктінің саяжайына көршісі мен тағы да екі танысы келеді. Арақты бөлісіп ішкен әлгілер артынан жаңжалдасып қалады. Саяжайдың иесі қонақтарын Алматы қаласының Әуезов аудандық ішкі істер басқармасында тіркелген мылтықпен атып өлтіреді. Артынан мәйіттерді шатқалға алып шыққан әлгі жанармай шашып, өртеп жіберген. Тәртіп сақшылары тұтқыннан ИЖ-43Е және ИЖ-12 маркалы екі мылтық тәркіледі.
Қазір күдікті уақытша тергеу абақтысында отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.