Апат болған Балқаш ауданы Жиделі елдімекенінен жедел түрде Алматы қаласына тікұшақпен жеткізілген науқасқа дәрігерлер шұғыл түрде ота жасаған. «Түскен кезде жамбас сүйек сынуына байланысты тұрақтандыру отасы жасалған.
Бүгінгі таңда науқастың жағдайы орташа. Есі анық. Науқас бөлімшеге ауыстырылды», - деді Алматы қалалық №7 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы Қымбат Байжігітов.
Дәрігердің айтуынша, науқас толық сауығып кеткенше аталған емдеу мекемесінде жатады.
Естеріңізге сала кетейік, 25 тамыз күні Алматы облысында 4 орындық жеңіл моторлы ұшақ құлап, ұшқыш сол жерде қаза болды. Ал ұшақта болған екінші адам Орынғали Зікірбаев ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Алматы маңындағы Боралдай кентінен ұшып шыққан әуе кемесінің, алдын ала болжам бойынша, қозғалтқышы істен шығып, 100 метр биіктіктен құлаған.