Алматы облысында ұсталған екі көлікті тексеру кезінде әскери қару-жарақ арсеналы табылды

Алматы облыстық ІІББ-нан хабарлағанындай, бір көлікте төрт, екіншісінде үш адам отырған. Көліктерге жүргізілген тексеру кезінде ірі көлемде әскери қару-жарақ арсеналы табылды. Атап айтсақ, 7,62 калибрлі Калашников автоматы мен оның 14 оғы бар оқшантайы, 16 калибрлі кесілген аңшы мылтығы оғымен, түрлі 5 пышақ, ұзындығы 73 см-лік резеңке таяқ, 37 см-лік резеңке балта, түрлі металл арматуралар, 9 калибрлі газды тапанша, "Стражник" деген жазуы бар екі оқпанды "Байкал" тапаншасы табылды.

Соңынан белгілі болғанындай, ұсталған бір Алматылықтан өзгесі түгелдей жергілікті тұрғындар екен, олардың ересегі 1979-жылғы, ең кішісі - 1984-жылғы жігіттер болып шықты. Бәрі де бұған дейін сотталмаған.
Ұсталғандар бұл жайтты Алматыға туыстарымызға бара жатырмыз, "ал қару-жарақты жол-жөнекей қауіпсіздік үшін, сақтық қамымен алдық" деп түсіндірген.
Қазір бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті Панфилов аудандық ІІБ-ның уақытша тергеу қапасына қамалды. Қалғандары ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатылды. Істің мән-жайын тергеу анықтайды.