5-6 қыркүйекте Ақтау қаласында өткен Х «Парасатты полицей» республикалық байқауында бас жүлде иеленген Алматы облысы Полиция департаментінің «Жетісу арландары» командасын полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов қабылдап, жеңістерімен құттықтады.
«Мәні мен мағынасы зор республикалық іс-шараның бас жүлдесін иелену зор абырой деп білемін. Былтыр ұйымдастыру ісіне жұмыла атсалысып, жоғары деңгейде өткізгенбіз. Биыл үздік шыққан қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Қызметкерлер департаменттің ғана емес, жер жаннаты Жетісудың абыройын арттырды. Осы жеңіске жетуге өз үлесін қосқан барлық қызметкерлердің еңбегі мен үміті ақталды», - деді Алматы облысының бас полицейі.
Сонымен қатар, салтанатты шараға Полиция департаментінің жеке құрамымен қатар, қалалық және аудандық полиция бөліністері бейне-конференц байланыс арқылы қатысты. Қызметкерлерінің қатысуына жағдай жасаған бөлініс басшыларының еңбегі ерекше аталып өтті.
Конкурстың бас жүлдесін иегерлеріне полиция генерал-майорының алғыс хаты табысталып, сыйақы берілді. Сондай-ақ, облыстық бас полицей топтың әр мүшесіне генерал сағатын тағып, істеріне сәттілік тіледі.