Алматы облысында жалғызбасты келіншек баласымен ағаш лашықта тұрып жатыр

- Мына жерге жатамыз. Балаларымның ойыншықтары...

Төбесі ашық, ағаш қаңқадан құрастырылған бұл күрке – 37 жастағы Анар Қалиеваның бір айдан бері тұрып жатқан жері. Қасында екі баласы бар. Оны таныстары тұрғызып берген. Бірақ шұрық тесік лашықта күнелту тым қиын.

-Су ағады үстінен. Далаға шығарып бәрін кептірдім ғой.

Анар Қалиева, жалғызбасты ана:

- Балалардың тамағы жоқ, не үй жоқ. Бұл менің әпкемнің көршісінің жері. Қысқа дейін деп сұрап, тұрып жатырмын.

Мұнда қара су мен бір үзім нан – басты жүрекжалғар. Кейде оның да болмай қалатын кезі бар. Анар жұмыс істеп, тіршілгін түзетпек-ақ ниетте. Тек оған жас балалары қолбайлау. 8 жастағы Дианасы аурушаң.

Анар Қалиева, жалғызбасты ана:

-Бұл қызым эпилепсиямен ауырады. Басында ісігі бар. Рентгенге түсіргем. Операция жасауға болмайды дейді. Әкімшіліктен, ауруханадан көмек сұрадым. Құжаттарын бітіріп берсең, жасаймыз деді. Оған жолға ақша керек.

Ақыл-есі кем қыздың басы ауған жаққа қаңғып кететін әдеті бар екен. Ал кішкентай Бақытжан әлі емшекте. Келіншектің көмек сұрап келуін жергілікті шенеуніктер де жақтыра бермейтін көрінеді. Тек мұны ақжағалылар ашып айтар емес. Анардың кезекті лашығын көруге бүгін олардың да бірқатары осында келіпті.

-Гүлшара тәтеге айттым, мені пәтерден қуып жіберді деп. Далада жүрмін деп айттым ғой.

-Сен айтқанда далада жүрмін деп айтқан жоқсың! Сен жәрдемақыға келдің.

-Сіз айттыңыз ғой: «Енді келме!» деп.

-Жарайды қойшы. Анара ертең әкімшілікке келіңізші құжаттарыңызды алып.

Дегенмен жалғызбасты ананың басты тілегі – жер алу. Сөйтіп, қаңғыбастықтан құтылу. Бірақ әзірге аурушаң қызына мүгедек жәрдемақысын алу басты мақсаты болып тұр.

Гүлшара Делдебекова, Жетіген ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы:

- Мүмкіндік болса жерге кезекке тұра берсін. Өзі кезекте тұрған шығар, мен оны білмедім. Енді 18 жасқа дейінгі жәрдемақыға құжатыңды өткіз дегенбіз. Тіркеуге тұрып. Осы маусымда келем деп кеткен. Ол кісі келмеді.

Анар жуық арада оған жердің берілмесін де жақсы түсінеді. Тек оған дейін екі баласына жазда күн өтіп, қыста суық тиіп қалмаса болғаны.  Жұпыны тірліктен жалыққан ана енді еріксіз көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.     

Loading...