Алматы облысында жалғызбасты көршісін буындырып өлтірген күдікті ұсталды

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Іс материалына сәйкес, 2 қаңтарда Текелі қаласындағы пәтерлердің бірінен әйел адамның мүрдесі табылған. Зейнеткер өзінің үйінде көз жұмған. Бастапқыда денесінен ұрып-соғу белгілері байқалмағандықтан, әйел адам жүрек ауруынан көз жұмды деген болжам болған. Алайда сот-медициналық сараптама барысында әйел адамды буындырып өлтіргені анықталды.

Жедел-іздестіру шара барысында Текелі қаласының ІІБ-ң полицейлері күдіктіні анықтап, ұстады.

«Күдікті өз түсініктемесінде көршісімен ұрсысып қалып, соңы адам өліміне әкеп соқтырғанын айтқан. Сөзінше, әйел адамды ол аяқ киімнің бауымен буындырып өлтірген. Қазір айғақ зат іс материалына тіркелді. Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 99-бабына «Адам өлтіру» сәйкес іс қозғалып, тергеу жалғасуда», деді Текелі қалалық ІІБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Азамат Тұрғынбаев.