Алматы облысында жаппай белең алған тәртіпсіздік дерегі бойынша 50-дей адам ұсталды - ҚР ІІМ

"Кеше кешкі ақпаратқа сәйкес, 42 адам ұсталған, ал бүгін бұл сан 50-ге жетті",- деді Б.Қожахметов. Оның айтуынша, ұсталғандар саны арта түсуде. "Тергеу жүргізілуде. Жаңа деректердің беті ашылуда. Қашуға әрекет жасағандар ұсталып жатыр",- деді ол.

Министрлік баспасөз хатшысының хабарлауынша, ұсталғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің "қасақана кісі өлтіру", "адамның денсаулығына қасақана залал келтіру", "басқаның мүлкін қасақана жойып жіберу", "бұзақылық" жөніндегі баптары бойыша қылмыстық іс қозғалды. Алайда, оқиғаға қатысушылардың біразына әкімшілік жауапкершілік жүктеледі деп атап өткен ол қылмыстық істердің нақты санын атай алмады.

Б.Қожахметовтың айтуынша, қазірде ахуал толық құқық қорғау мекемелерінің бақылауында. "Қатаң қоршау болмағанымен, ауылдарда тәулік бойы күзет жұмыс істеуде",- деді ол. Атап айтсақ, оқиға орнына ҚР ІІМ ішкі әскері ротасы, ал Алматы мен Алматы облысынан ауылдарда тәртіп сақтау үшін бірнеше взвод жіберілген. "Шұғыл әрекет етуші арнаулы топ" пен "Бүркіт" әлі ауылдар аумағынан шығарылған жоқ. Және олардың қашан шығарылатындығы туралы ақпарат жоқ. Бұл мәселені арнаулы штаб жағдайға қарай шешеді,- деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, қазір оқиғаның себебін тексеру жөніндегі штаб орын тепкен Маловодное ауылында Ішкі істер вице-министрі Алик Шпекбаев жүр. "Оқианың себеп-салдарын тексеру 1-2 айға созылады. Осы уақытта штаб ауылда орналасатын болады",- деді Б.Қожахметов.

Оның айтуынша, бүгін ауданда төтенше оқиғаға байланысты екі күнге сабақты тоқтауға мәжбүр болған орта мектептер қайтадан жұмысты жандандырды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 17-наурыз күні кешке жергілікті екі тұрғынның арасында төбелес шыққан. Жаңжалдасушылардың бірі өз қарсыласын "Оса" пневматикалық тапаншасымен атып жіберген. Келесі күні жәбірленушінің туыстары мен достарынан жиналған 50 шақты адам жағдайдың басын ашу үшін ауылға келген. Қақтығысқа қатысушылар арасында атыс болған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алдында пневматикалық қару қолданған жігіттің туыстары оқ ата бастаған. Екінші жақ тас пен металл арматуралармен қаруланған. Оқиғаның салдарынан, алдын-ала мәлімет бойынша, тоғыз адам жараланып, үшеуі қаза тапқан. Сонымен бірге тәртіпсіздіктер кезінде оқ атушылардың үйі мен автокөлігін өртеп жіберген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті