Таңбалытас ауылында екі мыңға жуық халық тұрады. Осынша тұрғыны бар елді-мекенге мемлекеттік бағдарламамен емдеу мекемесі салынып, былтыр пайдалануға берілген. Алайда ауылдықтар зарыға күтіп, ақыры қолы жеткізген жаңа емханада жұмыс істейтін маман жоқ болып шықты.
Мейізгүл Бекетаева, Таңбалытас ауылының тұрғыны:
- Келдім, келіп едім, жалғыз аптекашы отыр екен. Ешкім жоқ. Жаңағы өзіме керекті дәріні сұрап едім, дәрі де жоқ. Қайтып кеттім, болды. Содан кейін қайтып келгем жоқ.
Алайда ауыл әкімі тұрғындардың наразылығымен келіспейді. Айтуынша, бөлінген 5-6 штатта медбикелер тұрақты жұмыс істеп жатыр екен. Тек бұрынғы дәрігердің зейнетке кетуіне байланысты ауданнан жаңа дәрігердің келуін күтіп отыр екен.
Қуаныш Мұратбекұлы, Мәтібұлақ ауылдық аймағының әкімі:
- Бір айдан аса уақыт бұрын дәрігеріміз зейнетке кетті. Енді қазір сұраныс берілді. Енді сұранысқа байланысты жаңадан дәрігер жіберіледі. Маман жетіспеушілігі қазіргі таңда жоқ. Берілген штаттың бәрі толық. Алты адам істейді. Қазір өздеріңіз көріп шықсаңыздар болады. Жағдайы өте жақсы.
Бірақ барғанымызда көргеніміз мынау. Даңғарадай мекеменің ішінде жүрген ақ халаттылардың бірі акушер, бірі дәріхана сатушысы, ал үшіншісі – емхананың еден жуушысы екен. Ал елге қажетті негізгі мамандардың бөлмелері бос тұр. Сондай-ақ емдеу құралдарының да жұтаңдығы байқалады. Ал тіс дәрігерінің кабинеті мүлдем жабық тұр.
Ауылдағы жанға шипа боларлық жалғыз амбулаторияның жағдайы осы. Мұнда терапевтер мен тіс дәрігерлері келіп болғанша, аяқ-қолы сырқыраған ауыл тұрғындары жергілікті емханаға емес, ат салдырып, аудан орталығына сабылуға мәжбүр.
Loading...