Алматы облысындағы ЛА 155/8 қатаң тәртіптегі абақтысында күнделікті тіршілік осылай басталады. Бірақ бүгін араларындағы 18 тұтқын үшін қуанышты жаңалық бар. Түрмеде он жылдай отырған олар енді үйлеріне қайтпақшы. Солардың бірі - Руслан. Мұнда кісі өлтіргені үшін қамалған.
Руслан Сартбаев:
-96-бабтың 1-бөлігімен 10 жылға бас бостандығымнан айрылғанмын. Шартты мерзімінен бұрын босатылып бара жатырмын. 8 жыл 5 ай отырдым,1 жыл 5 ай ерте шығып отырмын. Шыққаннан кейін көреміз, автослесардың оқуын бітірдім осы колледждің.
Колледжден бөлек, мұнда мектеп бітіру үшін емтихан тапсырып жатқандар да бар. Албырттықпен мойнына ауыр қылмыс арқалағандар мектептегі бітіре алмай қалған оқуын осы жерде тәмамдамақ. Ал жұмыс пен оқудан шаршағандар үшін шетелдерден келген «әртістер», яғни сотталғандар концерт қоюға әрдайым даяр.
Ернат Ақылжанов, Алматы қаласы және облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:
-Біздің мекемеден жыл басынан бері 70 сотталған мерзімінен бұрын шартты түрде өз құқығын пайдаланып, босатылды. Былтыр жалпы 28 сотталған ғана мерзімінен бұрын босатылған болатын. Бұның бәрі мен ойлаймын, жаңадан қабылданған қылмыстық-атқару кодексінің мынау ізгілендіру мәселесі.
Осылайша 18 сотталушы еркіндікке негізгі уақытынан ерте босатылып отыр. Жалпы, биылдыққа 400-ге жуық сотталушының шартты түрде ертерек шығуына мүмкіндігі бар. Бір өкініштісі, қанды қылмысты жасайтындар да көбіне осылар. Темір тор бәрінің бірдей тәртібін түземегені анық.
Тікенек сым, тас қоршаудың ішінде өмірінің отты жылдарын өткізген жандар үшін сырттағы бейбіт өмір, азат өмір қашан да қызық әрі арман болған. Сондықтан мына темір қақпадан сыртқа бір адым аттаудың өзін олар он жылдап күтті. Дегенмен, сырттағы өмірде де оларға асқан сақтық керек. Себебі, небәрі үш реттік әкімшілік бұзықтыққ үшін олар мындағы өмірге қайта оралуы мүмкін.
Loading...