Алматы облысында жолаушылар автобусы аударылып қалды

Оқиға Іле ауданындағы Ащыбұлақ пен Батыр тас жолының бойында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«29 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Оның ішінде 10-ы бала, 19-ы ересек адам. Оның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Екі адам бас-ми жарақатын алған. Ал бір әйелдің аяғы ауыр. Ол түсік тастау қаупімен ауруханаға жатқызылды. Бес бала балалар ауруханасына қосымша тексеруге жіберілді», - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубакірова.

Куәгерлердің айтуынша, автобус Алматыдағы барахолка базарына жолаушылар тасымалдаумен айналысады екен. Бейресми мәлімет бойынша, зардап шеккен жолаушылардың басым бөлігі базарға балаларына киім алуға бара жатқан. Оқиға бүгін таңертеңгі сағат 10:00-дер шамасында болған.