Алматы облысында жұмыс бабында қайтыс болған дәрігерге берілген үйдің құжаттары жоқ


Ал 25 жылдан астам медицина саласында еңбек еткен, облыстағы жалғыз гемотолог дәрігер болған Бақыткүл Қайсановаға баспана тірі күнінде бұйырмаған. Биыл жеті жасқа енді толған Ақерке есімді жалғыз қызымен Бақытгүл Иебекқызы пәтер жалдап күн кешкен. Ал дәрігерге баспана оның қазасынан кейін ғана берілген болатын. 

«Аталған мәселе бойынша қазіргі таңда құжаттар дайындалып жатыр. Рәсімдеп болған соң мұрагер қыздың қолына табысталады. Бұл мәселенің соңына дейін жеткенін БАҚ арқылы хабарлаймыз», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел. 

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жарым жыл бұрын болған тікұшақ апатынан бес адам қаза болды. Олар Алакөл ауданындағы Үшарал қаласынан лейкоз дертіне шалдықты деген күдікпен Бағым есімді екі айлық сәбиді санавиациямен Талдықорғанға жеткізбек болған. Алайда, облыс орталығына 18 шақырым қалған кезде тікұшақ апатқа ұшырап, әуе бортында болған бес адам, яғни 27 жастағы ана екі айлық сәбиімен, 52 жастағы гемотолог-дәрігер Бақытгүл Қайсанова, 49 жастағы ұшқыш және 27 жастағы фельдшер Гүлнұр Хамитова көз жұмды. Ал Гүлнұр Хамитова бір отбасының жалғыз баласы еді. Марқұмдардың денесі 15 сағаттық іздеуден кейін ғана табылды.