Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі заңды ойын бизнесі субъектілерінен 6 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түскен. Оның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке аударылған. Ал 2,5 жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен.
Жалпы Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.
- Ойын бизнесі аймақтың туризміне де оң әсер етіп отыр. Өңірдегі казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы – шетел азаматтары, - деп хабарлады облыстық туризм басқармасынан.
Жаңа казино аймағы құрылады
Сондай-ақ Алматы облысының әкімдігі қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бастама қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.
- Талғар ауданы туристік инфрақұрылымы қалыптасқан аймақтардың бірі. Мұнда «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешені, «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курорты, Aquaasia Resort және Tal Resort демалыс кешені сияқты танымал туристік нысандар бар. Сондықтан жаңа аймақты өңірдің туристік экожүйесінің бір бөлігі ретінде дамыту көзделіп отыр. Бұл туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін әртараптандырып, сервистік инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді, – деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.