Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
«Алматы облысы бойынша 16 аудан мен 3 қала бар. Яғни, осы 19 аудан мен қаланың 15-де 0-4 сынып оқушыларына сабақ болмайды.Бүгін ауа температурасы -25 градусқа жеткен елді мекендерде сабақтар тоқтатылды. Ертең де үскірік аяз сақталатын болса бастауыштың балалары оқымайды», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова.
Сондай-ақ Майгүл Тілеутайқызының айтуынша, Қарасай, Райымбек, Панфилов аудандары мен Текелі қаласының мектептері толық режімде жұмыс істеп тұр. Бұл жерлерде сабақтар тоқтатылмаған. Мәселен Панфилов ауданында ауа температурасы -18 градусты көрсетсе, Райымбекте -19, Қарасайда -20-23, ал Текелі қаласында -19 градусқа төмендеген.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланған болатын. Казгидромет мамандарының болжауына қарағанда, 24-29 қаңтар аралығында облыс аумағы бойынша ауа температурасы -25-30, кей жерлерде -30-35 градусқа дейін төмендейді. Талдықорғанда -25-35 градусқа дейін қатты аяз болады деп болжанып отыр. ТЖД-ның қызметкерлері халықты барынша абай болуға, үскірік аяз кезінде үйден шықпауға кеңес береді.