Жиын барысында облыс әкімі спортты дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталып, қол жеткен жетістіктерді саралады.
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айырықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деп атап өткен болатын. Осыған орай, Елбасының тапсырмасы аясында облыс спортшыларының халықаралық және республикалық жарыстарда топ жаруы үшін бүгінгі күні барлық жағдайлар жасалуда. Атап айтсақ, 2014 жылы облыс спортшылары барлығы 1167 медальға қол жеткізіп, еңбек сіңірген 2 спорт шебері, халықаралық дәрежедегі 24 спорт шебері, ҚР 125 спорт шебері мен 495 спорт шеберлігіне үміткерлер анықталды, - деп атап өтті Амандық Баталов.
Облыс әкімі өз баяндамасынан кейін өңірдің үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттау рәсімін өткізді.
Үздік 6 спортшы мен 8 жаттықтырушыға облыс әкімінің дипломы табысталып, оларға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Олардың ішінде Маргарита Елисеева, Тоқтар Каркатеров, Нұржан Жұмажан, Ербол Дүкенбаев, Александр Гетало мен Дмитрий Солянин бар.
Сондай-ақ облыс әкімінің атынан дипломдар мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарды 2014 жылы үздік деп танылған спорттық мекемелер де иеленді. Олардың қатарында Талдықорған қаласындағы №1 жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебі, «Жетісу» волейбол клубы және Қарасай аудандық спорт бөлімі болды.
Спорттық жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде насихаттап жүретін журналистер де облыс әкімінің дипломдары мен ақшалай марапаттауынан шет қалмады.
Кездесуде «Жетісу» әйелдер волейбол командасының жетекшісі В.Шапран және спортшы Т.Каркатеров алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін аянбай тер төгуге әзір екендіктерін білдірді.