Алматы облысының әкімі зиялы қауым өкілдерімен бейресми кездесу өткізді

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясындағы бұл бейресми кездесуді Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты, атақты журналист Бейсен Құранбек жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өзінің құттықтау сөзінде Амандық Ғаббасұлы бірінші кезекте аға буын өкілдерінің қоғам өміріне белсенді түрде сүбелі үлестерін қосып келе жатқандығы үшін алғысын білдірді. Осыдан кейін облыс әкімі кездесуге жиналғандарға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша ақпарат беріп өтті.

Облыс әкімі Амандық Баталов атап өткендей, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында облыста өнеркәсіп саласында 329,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі 104,4 пайызды құрады. Ауылшаруашылығы саласында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қазірдің өзінде 149,8 иллиард теңгенің өнімі шығарылды. Одан бөлек, осы кезең аралығында облысқа 174,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 12 724 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, өңір басшысы мемлекеттік қолдаудың арқасында әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініпжатқандығын тілге тиек етті. Ескірген нысандар күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базалары жаңартылуда. Жаңадан сәулеті келіскен ғимараттар бой көтеруде. Биылғы жылы 44 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 35-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал аталған мектептердің 24-і Білім күні өз оқушыларына есіктерін ашқалы тұр. Өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін ұтымды пайдаланудың арқасында мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Өзге де салалар бойынша ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Атап айтар болсақ, жолдардың құрылысы, туризмді дамыту және көптеген басқа да жетістіктерді осы қатарға жатқызуға болады.


"Біздің Сіздермен бүгінгі кездесуіміздің барысында, мен, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталып өттім. Осы сәтті пайдалана отырып, ісімізді қолдап, Жетісу өлкесінің дамуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін Сіздерге тағы бір мәрте алғысымды жеткізгім келеді. Біздер үшін сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, көпжылдық еңбек тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз өте маңызды. Әсіресе, болашақ ұрпақ тәрбиесіне деген сіздердің тәлім-тәрбиелеріңіз "Рухани жаңғыру" бағдарламасында көрсетілген тапсырмаларды орындауда үлкен мәнге ие", - деді өңір басшысы Амандық Баталов.

Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар бірқатар мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, облыс әкімінің жұмысына сәттілік тіледі. Өңір басшысы айтылған әрбір ұсынысты назарына алып, олар бойынша белгілі бір шешімге келетіндігін атап өтті.

Жалпы кездесуге 80-нен астам ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.