Алматы облысының басшылары алдағы су тасқынына әзірленіп жатыр

«Облыс әкімі Аңсар Мұсаханов ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты өкілетті орган жетекшілері,  аудандар мен қала әкімдерінің назарын су тасқыны қаупіне аударып, алдын алу шараларын қолға алуды тапсырды», - деп хабарлайды аймақ басшысының сайты.

Атап айтсақ, аймақ басшысының орынбасарлары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларына мүдделі кәсіпорындармен бірлесе отырып, ерекше қауіпті аймақтарды анықтап, еріген қар суынан тазартылатын елді мекендердің карта-сызбасын әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар, қауіпті учаскелер мен су қоймаларында күндіз-түні күзет орнатып, қажетті техниканы жөндеуден өткізу, қоймалар мен өзен жағалауларын бекіту, арықтарды тазартып, тереңдету туралы тапсырма берілді.

Оған қоса, аудандар мен қала әкімдеріне жергілікті тұрғындармен бірігіп, елді мекендердегі қарды сыртқа шығару, құлақтандыру жүйесін тексеру, тасқын бола қалған жағдайда адамдарды көшіру жолдары мен орналастыру мәселесін, қажеттілік туындағанда азаматтарды тамақпен және басқа да тауарлармен қамтамасыз ету жайын пысықтау табысталды.