"Ауылдық әкімшілік маңындағы қоршау алынды, бірақ ауылдардан арнаулы бөлімдер шығарылған жоқ",- деді ақпарат көзі. Ал күш құрылымдарындағы тағы бір ақпарат көзінің хабарлауынша, ҚазАтКом ауылы мен Маловодное ауылдық әкімшілігін полицияның арнаулы бөлімшелері әлі де қоршап тұр.
Алғашқы ақпарат көзінің хабарлауынша, бүгін түнде Маловодное ауылында белгісіз біреулер бірнеше үйге тас жаудырған. "Тәртіп сақшылары жағдайды тұрақтандыра алды. Ауыл қалыпты жағдайда тіршілік етуде",- деді ол.
Қазір Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасының жасақтары екі елді мекенді де күзетке алған. Сонымен бірге төтенше оқиға орнында оқиғаны тексеруші штаб жұмыс істеуде.
Бүгін Алматы облыстық ІІД, облыстық әкімшілік пен Еңбекшіқазақ аудандық әкімшілігінің басшылығы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, оқиғаға түсініктеме береді деп күтілуде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 17-наурыз күні кешке жергілікті екі тұрғынның арасында төбелес шыққан. Жаңжалдасушылардың бірі өз қарсыласын "Оса" пневматикалық тапаншасымен атып жіберген. Келесі күні жәбірленушінің туыстары мен достарынан жиналған 50 шақты адам жағдайдың басын ашу үшін ауылға келген. Қақтығысқа қатысушылар арасында атыс болған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алдында пневматикалық қару қолданған жігіттің туыстары оқ ата бастаған. Екінші жақ тас пен металл арматуралармен қаруланған. Оқиғаның салдарынан, алдын-ала мәлімет бойынша, тоғыз адам жараланып, үшеуі қаза тапқан. Сонымен бірге тәртіпсіздіктер кезінде оқ атушылардың үйі мен автокөлігін өртеп жіберген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті