Мекеменің хабарлауынша, 2005-2006 жылдары республикалық бюджетті орындау барысында облыстың жекелеген мемлекеттік мекемелері мен ұйымдары 58,9 млн.теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған. Сондай-ақ 79,5 млн.теңге негізсіз жұмсалған, басқа заң бұзушылықтар 45,7 млн.теңгені құрады. 30,8 млн.теңге бюджетке қайтарылмаған, 92,4 млн.теңгеге айыппұлдар салынбаған. Сонымен бірге, бюджет кірісін қалыптастыруға қатысты орын алған заң бұзушылықтар 585,6 млн.теңгені құрады.
Атап айтқанда, Алматы облысы бойынша Салық комитетінің уақытында камералдық тексеруді жүргізбеуіне байланысты республикалық бюджетке салықтардың толық түспей қалу фактілері орын алған. Ағымдағы аванстық төлемдерді уақытында төлемегені үшін "Талдықорған жобалау-сәулет бюросы" мекемесі мен "Әділет министрлігінің Алматы облысы бойынша Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы" РМК-сына 2,9 млн.теңгеге айыппұлдар салынбаған. Жалпы, облыс бойынша 16 салық төлеуші салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді бюджетке төлеудің мерзімін кешіктірген. Олар 0,7 млн. теңге әкімшілік айыппұлдан негізсіз босатылған болып шықты.
Бақылау барысында жергілікті бюджеттің 87,9 млн.теңге көлемінде салықтар бойынша қосымша резервтері анықталды. Сонымен қатар, айналымдары нөлдік ставкамен есептелетін эспортқа шығарушы кәсіпорындардың ҚҚС-ін республикалық бюджетке қайтару мерзімі тұрақты түрде бұзылып отырған.
Қаржы министрлігіне қарасты Кеден комитетінің ТАИС-2 ақпараттық жүйесі жұмысында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жеке есеп-шоттарын жүргізу бойынша көптеген олқылықтар анықталды. Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті 2005-2006 жылдары 3,7 млрд.теңге көлемінде қосымша құн салығына жеңілдіктер берген. Бұл ретте, қабылданған міндеттемелерге сәйкес әкелінген жабдықтардың мақсатты пайдаланылуына бірде бір рет тексеру жүргізілмеген.
Сондай-ақ бюджеттің шығыс бөлігін пайдалану кезінде бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарға жол берілген. Мысалға, "Достық" кедені бас мердігер "Алматыкультбытстрой" АҚ-тан "Достық" халықаралық терминалы мен кеден қызметкерлеріне арналған тұрғын үйді уақытында пайдалануға бермегені үшін бюджеттің 40,0 млн.теңге қаржысын және 82,5 млн.теңге өсімақыны ұстап қалмаған. Объектілердің сметалық құнының 21,8 млн.теңгеге қымбаттауына жол берілген. Банктен 30,8 млн.теңгеге шарттың орындалуын қамтамасыз ету бойынша кепілдік міндеттемелер талап етілмеген.
Алматы облысы бойынша көліктік бақылау басқармасы көліктік бақылау бекеттерінде орнатылған стационарлық таразы жабдықтарын пайдаланбай отыр, сондай-ақ бекеттердегі бақылаудан өтетін көлік құралдарын есепке алуды қажетті деңгейде ұйымдастырмаған. Осының салдарынан, республиканың аумағы бойынша өтетін автокөлік құралдарынан алынатын алымдар, яғни салынатын салық базасы азайып отыр.
Алматы облыстық Көліктік инфрақұрылымды дамыту комитеті қаражатты тиімсіз пайдаланғаны анықталды. 2005 жылдан бастап "Жезқазған жолдары" АҚ-тың аталмыш аумақтық комитетке кредиторлық берешегі 37,2 млн.теңгені құрайды. Жұмыстардың ұзақ уақытқа тұрып қалғандығынан және "Жезқазған жолдары" компаниясы тарапынан жұмыс жүргізу технологиясын сақталмауына байланысты қайта жөнделген "Үшарал-Достық" жолының жекелеген учаскелері бүлініп жатыр.
Мемлекеттік мүлікті сатудан түскен қаражат түсімдерін тексеру кезінде, Алматы облысы бойынша аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жылжымайтын мүлік рыногындағы бағаларға салыстырмалы талдау жасамағаны анықталды. Осының салдарынан, Алматы қаласының орталығындағы және қалаға іргелес жердегі ғимараттар жеке фирмаларға нарықтағыдан төмен бағаға сатылып кеткен. Алматы облысы бойынша көші-қон басқармасы квотаға кіретін оралмандардың отбасы құрамын дұрыс белгілемеген. Осының салдарынан, оларға 37,8 млн.теңге бюджет қаражаты негізсіз төленген.
Бақылаудың қорытындысына сәйкес Алматы облысында республикалық бюджеттен құрылыс басқармасына бөлінген трансферттердің жұмсалуына нашар бақылау жасалған. 2005-2006 жылдары Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Қапшағай, Жамбыл және Райымбек құрылыс бөлімдеріне бөлінген трансферттердің 41,1 млн.теңгесі негізсіз жұмсалған, 8,7 млн.теңге бюджет қаражаты игерілмей қалған. Тапсырыс берушілер мердігерлерден шарттағы міндеттемелерін орындамағаны үшін оларға айыппұл салып, өндіріп алмаған. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасын орындауды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары Алматы облысы бойынша тиісті деңгейде жүргізілмеген. Облыста 2 жыл ішінде кредитке берілетін тұрғын үй құрылысының жоспары 21,3 мың шаршы метрге орындалмаған.
Есеп комитетінің бағалауы бойынша Салық комитеті ірі салық төлеушілердің тәртібіне жасалатын бақылауды күшейтіп, жергілікті бюджеттің кірістерін ұлғайту үшін салық резервтерін тиімді жұмылдыруы тиіс. "Талдықорған жобалау-сәулет бюросы" мекемесі мен "Әділет министрлігінің Алматы облысы бойынша Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы" РМК-ынан - 2,9 млн.теңге, 16 салық төлеушіден 0,7 млн. теңге өндіріп алу қажет. Сондай-ақ Алматы облысы бойынша салық комитетінің төрағасы бюджет алдында 45,0 млн. теңге берешегі бар "Баршатас и К" кәсіпорнының жабылуы бойынша есеп беруі керек.
Үкіметке ҚР аумағы бойынша өтетін автокөлік құралдарынан алынатын алымдардың республикалық бюджетке түсуін бақылау функциясын Кедендік бақылау комитетіне беру туралы ұсынысты қарау ұсынылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті