Алматы облысының тұрғындары тері зауытының жабылуын талап етті

- Қаладан үйімді сатып, таза ауа жұтамын деп келгенмін. Таза ауам шықты қазір менің. У жұтып отырмын.

«У жұттық» деп шулаған бұл кісілер – Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылының тұрғындары. 5 жылдан бері осы жанайқайын билікке жеткізе алмай жүр. Елді-мекен аумағын түрлі химикаттың мұрын жаратын жағымсыз исі жайлаған. Осының кесірінен мұнда түсініксіз дерт көбейіпті.    

Гүлжаһан Байдаулиева, Көкөзек ауылының тұрғын:  

- Түзге отыра алмайтын болып арт жағы туып, өліп жатқандар бар мында. Кеше ғана кемтар болып туып жатқан. Бір құлағы жоқ 3 баланы көрдім өзім.

Тұрғындардың ойынша, осының бәріне іргедегі мына тері зауыты себепкер. Осы кәсіпорын мұндағы ауаны да, суды да бүлдіруде.   Зауыт басшысы бұл жағдайға біз кінәлі емеспіз дейді. Тіпті соның дәлелі ретінде уланды деген суды көптің көзінше ішіп көрсетті. Ерекше қойылыммен елді жылы шығарып салмақ болды ма, директор ішке ешкімді аттап бастырмады. Тіпті тілшілерді де. Тек тексеру жүргізіп, сасық иіске қатысты қандай да бір шара қолдануға кезекті рет уәде еткені болмаса.


Серік Бисекенов, тері зауытының директоры:

- Иә, сасық иіс шығады. Бірақ бірде аз, бірде көп дегендей. Ертең технологиялық тексеріс жүргіземіз. Ол үшін арнайы мамандарды шақырып қойдық. Оған ауыл тұрғындарынан 5-6 адам қосылсын. Сосын мәселені шешеміз.

Алайда директордың бұл сөзі көкөзектіктерді иландырмады. Демек құзырлы орындарға әлі де хат жолдана бермек. Бір қызығы, өндіріс орны салынарда жергілікті билік: «Мұнда макарон зауыты болады» деп, елден қол жинап алған екен.