Маусымның 27-сінде Алматыда аударылып, жанып кеткен бензовоздың рулінде ақау болған. Оның үстіне, көлікте қосалқы тежеу жүйесі атымен жоқ. Алматының Сот сараптама институты мамандары осындай қорытынды жасап отыр.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қосалқы жетек таулы жерлерде іске қосылатын тежеу жүйесі қызметін атқарады. Ол көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асыруға жол бермейді.
«Сарапшылардың пікірінше, өрттен кейін тежеу жүйесінің техникалық жағдайына баға беру мүмкін емес. Алайда, машинада қосалқы тежеу жүйесі жетегі жоқ. Бұл ақау қайғылы оқиғаға дейін пайда болған. Жетек бекітілетін жерді қалың тот басқан», - делінген хабарламада.