Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолдарда көлік қозғалысы жанданды

Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысы бойынша ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты кеше сағат 17.00-дeн бастап "Алматы-Өскемен" жолының 558-615 шақырымындағы "Рубеж бекеті- Шығыс Қазақстан облысы шекарасы" аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің қозғалысына тыйым салынған болатын. Бүгін сағат 07.00-ден бастап жол ашылды.

Сонымен қатар кеше кешқұрым "Алматы-Ташкент-Термез" жолының 59-143 шақырымында автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынған еді. 20 желтоқсанда сағат 20:30-дан жеңіл автокөлік қозғалысына жол ашылды.

Бұған қоса кеше боранға байланысты "Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас" автожолының 107-164 шақырымындағы "Шелек-Көкпек" учаскесінде қоғамдық және жүк автокөліктері үшін қозғалыс шектелді.

Ал Жамбыл облысы бойынша бүгін сағат 05.00-ден боран салдарынан "Алматы-Ташкент-Термез" жолының 192-160 шақырымындағы "Қордай бекеті-Отар бекеті" аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.

Бұдан бөлек Павлодар облысы өңіріндегі аязға байланысты кеше «Омбы-Майкапшағай» жолының 419-587 шақырымындағы "Павлодар - Шығыс Қазақстан облысы шекарасы" аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктің қозғалысына тыйым салынған болатын. Бүгін таңертеңнен бастап жол ашық.