Департамент өкілдерінің айтуынша, құрылыс нысандарын тексеру шаралары 19 желтоқсаннан бері жүргізілуде. Басты мақсат құрылыс және монтаждау жұмыстары барысында жол берілетін азаматтардың тыныштығын бұзу деректерін анықтау.
Полиция қызметкерлері қаладағы 80 құрылыс нысанын тексеріп шықты, оның жиырмасында ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Кодексін бұзуға қатысты 333 дерек анықталды (түнгі мезгілде тыныштықты бұзу)
"Заң бұзғандардың арасында қателіктерін біле тұра, жоюға тырыспаған ірі компаниялар бар. Тіпті кейбірі тапсырыстың жедел орындалуы қажеттігін, түнгі уақытта да құрылысты тоқтату мүмкін еместігін айтып, айыптарынан бас тартты", дейді ІІД.
Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде Алмалы, Әуезов, Жетісу аудандарында түнгі мезгілде құрылыс жұмыстары тоқтатылды.
Алайда, басқа аудандарда құрылыс жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Соған байланысты қаланың осы учаскелерінде патрульді полиция полктерінен және учаскелік инспекторлардан құрылған патрульдік топтың бақылау шаралары күшейтілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті