Алматы полициясы әшкерелеген астыртын ойынхана дилерлерді дайындау жұмысымен айналысқан

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері заңсыз жұмыс істеген 20 ойынхананың қызметін әшкереледі. Оның қатарында Байсейтов пен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан ғимарат болды.

"Бұл ғимарат үйдің бірінші және екінші қабаттарында орналасқан екі пәтерден құралған. Ойынхана жақсы жасырылып, клиенттер алдын ала телефон арқылы қабылданып отырды. Үйдің ішінде және сыртында бейнекамералық бақылау орнатылып, күзет қызметі болды. Ойынханада покер ойыны үшін алты үстел мен екі рулетка орнатылған ", - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Амантай Әубәкіров.

Баспасөз қызметі хабарлағанындай, полиция қызметкерлері келген кезде ойынханада адам көп болған. Ойын ойнауға келгендермен қатар ғимараттың ішінде дилерлік жұмысқа тұру мақсатымен оқытылған жігіттер мен қыздар болды.

"Ойынхана иесін біз анықтадық. Ол 2007 жылдың желтоқсан айынан бастап осы пәтерлерді жалға алған. Тексеру кезінде ойынхана кассасынан 700 000 теңге көлемінде ақша, қаржылық қызметтері жазылған қағаздар тәркіленді. Бұл заттар іске айғақ ретінде тіркеледі ", - деп атап өтті А. Әубәкіров.