Алматы полициясы автобус жүргізушісін соққыға жыққан ер адамды ұстады

Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі іздеу бөлімінің қызметкерлері қоғамдық көліктің жүргізушісін ұрған жеңіл көлік иесін тауып, ұстады, деп хабарлайды Sputnik Алматы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Автобус жүргізушісін соққыға жыққан жігіт 2017 жылдың мамыр айында жол апатына ұшырап, тоғыз айға көлік жүргізу құқығынан айырылыпты. Оның іс-әрекетінде бірнеше құқықбұзушылық анықталды.

"ЖПҚ іздеу бөлімі қызметкерлері атқарған шаралар нәтижесінде, жеңіл көлік мінген 1985 жылғы Әбдіназаров Е. азамат ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Оның іс-әрекетінде бірнеше әкімшілік құқықбұзушылық байқалады. Салдарынан азаматқа қатысты бірнеше бап бойынша хаттама толтырылды", — деп хабарлады Алматы ІІД баспасөз қызметінің ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.

Ұсталған тұлғаға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімішілік материал жинақталды. Деректер мамандандырылған сотқа жіберіледі. Ер адамға айыппұл салынып, он тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Көлігі айыппұл тұрағына қойылған.


Қоғамдық көлік жүргізушісінің соққыға жығылуы туралы видео Желіде 18 қаңтарда пайда болды. Оқиға куәгері болған жайтты баяндайды: арнайы бөлінген жолақпен келе жатқан автобус алдынан шыға келген жеңіл көлікті қағып кете жаздапты. Автомобиль иесі атып шығып, автобус жүргізушісін ұрған.