Алматы полициясы бірнеше пәтерді тонады деген күдікпен келіншекті қолға түсірді

32 жастағы жұмыссыз келіншек осыған дейін бірнеше пәтерді тонаған екен. Ең соңғы рет келіншек 4-қабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабатында орналасқан бөлменің есігін бұзып, ішіндегі құнды заттарды қолды еткен.

«Жетісу аудандық ІІБ жедел іздестіру тобы 3 сағаттан соң 1983 жылы туылған Аманқұлованы қолға түсірді. Кейін ол өзінің ұрлағанын мойындап, жапа шегушінің заттары тұрған мекен жайды айтып берді. Қазір оған қарсы ҚР ҚК 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.


Ұрланған заттар иесіне тапсырылды.

«Бұл жағдайда камералардың дұрыс орналаспағаны қиындық туғызды. 7 камераның назарынан тыс қалу үшін келіншек көше жарығын сөндіріп тастаған. Алған заттарын подьездегі терезе арқылы сыртқа лақтырып, өзі құр қол камералардың алдынан өтіп кетеді», - деді Жетісу ІІБ қызметкерлері.

Осыған байланысты құқық қорғау органдарының өкілдері терезелерге тор орнатуға кеңес беріп отыр.