Алматы полициясы "Құқық және тәртіп" атты алдын алу іс-шараларын өткізуде



Баспасөз қызметінің хабарламасында аталған іс-шара "қаладағы ахуалды сауықтыру, ушыққан жағдайда дер кезінде әрекет ету, қала көшелері мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында" жүргізілетіні айтылған.

Жедел-алдын алу шаралары аясында заңсыз әрекет етумен айналысып жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында базарлар мен сауда орындары, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартатын кәсіпорындар мен ұйымдар тексерілмек. Сондай-ақ, іс-шараның мақсаты - жезөкшелік пен жеңгетайлық деректерін анықтау, жастар шоғырланған ортаға есірткі заттарының кіру жолдарын жою болып табылады.

Полиция мәліметтері бойынша іс-шара жүргізілген бірінші тәулікте 397 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, іздеуде жүрген бес қылмыскер құрықталған. Тоғыз есірткі заттарын сақтау және өткізу деректері тіркелген. 32 килограмнан астам есірткі заттары тәркіленді.