Алматы полициясы жоғалғанына екі ай болған жігітті іздеуден бас тартқан

Алматыда 37 жастағы Ришат Жұмақұлы екі айдан бері табылмай жатыр. Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.

Ол ақпан айының басында үйінен шығып кеткеннен қайтып оралмаған. Соңғы рет оны таныстары Алматының «Береке» базары маңынан көріпті. Әзірге Ришатты туған-туыстары өз күштерімен ғана іздеп жатыр. Өкінішке қарай полиция жоғалғаны туралы арызды алудан бас тартқан.

Туған ағасы Серікжан Ибраимовтың айтуынша, оған себеп, інісінің еш жерде тіркеуде жоқтығы екен.

«Алматы қаласының Әуезов аудандық ІІБ-не барып арыз жаздық. Бірақ, олар арызымызды алмай қойды. Өйткені тіркеуде жоқ дейді. Жоғалған бауырымыз болса соңғы рет Әуезов ауданында тіркеуде болған»,- дейді Серікжан Жұмақұлы.

Кейін белгісіз себептермен тіркеуден шығып кеткен. Содан қайтып еш жерге тіркеліп үлгермепті. Жоғалған жігіттің туыстары тіркеуде жоқ адамның ешкімге керексіз болғаны ма деп күйініп отыр.


«Сонда оның Қазақстан азаматы болса да сұраусыз болғаны ма? Неге полиция іздегісі келмейді? Біздің Конституциямызда адам өмірі мен құқықтары басты құндылық болып танылады, деп жазылған емес пе? Ендеше неге мәселе тіркеуде болу керек?»,- деді Серікжан Ибраимов.

Туыстары Ришат Жұмақұлы Ибраимовты көргендер болса, 8 701351 5461 немесе 87019703328 телефондарына хабарласуды өтінеді.