Алматы прокуратурасы "Жұма-таймс" газетінің таралымын тәркіледі

Прокуратураның түсініктемесіне сәйкес, газеттің бүгін, 3-қарашада шыққан санында "Қазақстан президенттігінен үміткер адамның ар-ұжданы мен беделіне көлеңке түсіретін көпе-көрнеу жалған ақпараттары бар материалдар басылған".

Газет қожайыны "Жұмаш-Көкбөрі" ЖШС-нің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғалып, ол Алматы қалалық арнаулы ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
Прокуратура осы орайда саяси партиялар, үміткерлер немесе олардың іс-қызметі хақында олардың беделі мен ар-ұжданына нұқсан келтіретін жалған ақпараттарды қасақана таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелетінін еске салады.
"Осы тектес заңсыз әрекеттер қайталанған жағдайда құқық қорғау мекемелері БАҚ іс-қызметін тоқтатуға дейін заңда көрсетілген шаралардың бәрін қолданатын болады",- делінген хабарламада.