Алматы қалалық әкімшілігі автожол тораптарына түсетін ауыртпалықты азайту бағдарламасының жобасын жасады

М.Мұқашевтың айтуынша, бүгінде Алматыдағы жалпы жолаушылар ағыны жылына 300 млн. немесе күніне 1 млн. адамды құрайды. Оның пікірінше, жолаушы тасымалының қазіргі жүйесі бұл тасқынға төтеп бере алмай отыр. Оған себеп - тиімсіз әрі бірін-бірі қайталайтын бағыттар көп. Сонымен бірге жуырға дейін Алматыдағы автобустардың 89 проценті сыйымдылығы шағын автобустар болды. Соның салдарынан автожол тораптарына түсетін ауыртпалық ұлғайып, қаладағы ауаның ластануы артып, жолдарда көліктер кептелу оқиғалары жиіледі.

Алматыдағы көлік қозғалысының орташа жылдамдығы шамамен сағатына 20 шақырымды құрайды, дейді М.Мұқашев. Қазіргі жағдаймен қаладағы көліктер саны 300 мыңды құрап, оның саны барған сайын арту түсуге байланысты шұғыл шешімдер шығарылмайынша, ахуал оңалмайтын түрі бар.
Департаменттің қатысуымен Алматыдағы жолаушы тасымалы желілерінің жағдайына жасалған талдау қорытындысы бойынша жолаушы транспортының жаңа схемасы жасалды. Соған сәйкес артық 12 автобус бағыттары қысқартылып, 30 маршрут өзгертіліп, бірін-бірі қайталайтын 48 бағыт біріктіріліп, жаңадан 4 бағыт іске қосылады. Сонымен бірге екі есігі бар, сыйымдылығы жоғары қалаішілік автобустар қызмет көрсететін 64 магистральдық бағыт анықталды. Ол үшін тасымалдаушы компаниялар 2005-жылы жаңадан 500-600 автобус сатып алады. Басы артылған бағытты таксилер қала маңындағы транспортты дамытуға бағытталады, деді департамент директоры. Бағыттардың барлығына 1 -139 аралығындағы сандар тағайындалады. 400 және 500-сериялы бағыттар қысқартылады.
Алматы облысынан келген жолаушы тасымалдаушы көліктерді Алматы аумағына енгізбеу үшін қаланың шетінде автобустарды қоюға арналған тұрақтары бар 5 терминал құрылады. "Қазір бұл мақсатқа арнаулы жер телімдерін бөлу мәселесі шешіліп жатыр",- деді М.Мұқашев.
Сонымен бірге Алматы қалалық әкімшілігі транзитті және басқа қалалардан келген көліктер шоғырланатын орындарға айналған "Саяхат" және "Сайран" автовокзалдарын қала сыртына шығармақшы. "Бұл тауқымет екі жылда шешімін табуға тиіс",- деді Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетов.