Алматы қалалық ІІББ полицияның жұмысына қолғабыс тигізген азаматтарды марапаттады

Мәселен, қалалық ІІББ-ның бастығы Қалмұхамед Қасымовтың бұйрығымен "азаматтық міндетін адал орындап қырағылық, батылдық пен жүректілік танытқаны үшін" "Каре" ойын автоматтары салонының күзетшісі Жандос Қасенов , салон кассирлері Елена Ивашова мен Наталья Орловалар марапатталды. Осы адамдардың арқасында полиция салонға қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерлердің ізін суытпай қолға түсірген болатын.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың 25-ақпанында түні бойы салонда ойнаған белгісіз екеу салонның кассирін соққыға жығып, 100 мың теңге шамасындағы кірісті үптеп қашып құтылуға талпыныс жасаған болатын. Шақыру бойынша жеткен Алматы ІІББ-ның "Күзет" қызметінің жасағы тонаушыларды тауып ұстап алған. Қолға түсер сәтте тонаушылар қарулы қарсылық көрсетті.
Сондай-ақ, оққа ұшып мерт болған Джу Цзедзи есімді азаматтың мәйітін тауып полицияға хабар берген Рабиға Асаняева да Алматы қалалық ІІББ-ның құнды сыйлығына ие болды. Ол берген ақпараттың ізімен полиция қызметкерлері аталмыш төтенше ауыр қылмысты әшкерелеп, қылмыскерлерді құрықтаған болатын.