Баспасөз қызметінің хабарлауынша, "жуырда Алмалы ауданындағы №7 бөлімшенің қызметкері қымбат бағалы шет ел көліктерінен зат ұрлайтын қылмыскерді қолға түсірді". Жиырма жастағы алматылық жігіт "Даймлер-Крайслер" маркалы көліктің екі айнасын ұрлап ізін суытқан. Шығын көлемі 100 мың теңгені құрайды. Дереу із кесуге шыққан учаскелік инспектор ұрыны заттай айғақтарымен бірге қолға түсіреді. Ал тергеу барысында ұсталған жігіттің сол күні қаланың ортасында тағы бір көліктің иесін айнасыз қалдырғаны белгілі болды. Енді полиция қызметкерлері ұрының есебінде әлі де ашылмаған қылмыстар болуы мүмкін деп күдіктенуде. Осы азамат жасаған қылмыстарға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал кеше ғана Алмалы ауданының учаскелік инспекторы ұялы телефонды қолды қылған ұрыны ұстады. Ол ойын автоматтарының бірінде құны 40 мың теңге тұратын ұялы телефонды сұраусыз алып кеткен. Ұсталған 29 жасар жігіт бұрын да ұрлық жасағаны үшін сотталған екен. Енді қайтадан заң алдында жауап беретін болды.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Алматы қаласындағы учаскелік инспекторлар арасында Алмалы аудандық ІІБ учаскелік инспекторлары қылмысты ашу жөнінде алдыңғы орында келе жатыр". "Егер былтырғы жылы осы ауданның учаскелік инспекторлары 288 қылмыс ашса, биыл ол көрсеткіш 376-ға өскен, бұлар негізінен ұрлық жасау мен тонауға қатысты қылмыстар болып отыр", деп хабарлайды мекеме.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті