Бағдарламаның мақсаты - туризмді қала экономикасының пайдалы саласына айналдыру үшін Алматыда туристік кешен құру, жұмыс орындарын ұлғайтуға түрткі болу, қала инфрақұрылымы мен қызмет көрсету салаларын жаңалау, қала экономикасының капитал қорын ұлғайтуға ынталандыру болып табылады.
Бағдарлама жобасын "Тұран" университеті мен Алматы қалалық әкімшілігінің туризм департаменті жасады. Жоба авторларының ақпаратына жүгінсек, 2003-жылы Алматыға 100,2 мың турист, соның ішінде 41,7 мың шетел азаматтары келген. Алматыдағы туризм саласынан түскен кіріс көлемі 2,7 млрд. теңгені құрады. Алматыда түрлі деңгейдегі 36 қонақ үй, 13 мұражай, 10 театр, 1 қорық, 2 ұлттық саябақ, 12 шипажай және дауажай, 45 казино бар.
Бағдарламада туристік рыноктың құрылымын зерттеу, қолда бар көрнекті орындарды бағалау, туризм саласындағы кәсіпорындардың маманданған бағыттарын анықтау, Алматы мен оның төңірегіндегі туристік кәсіпорындарға инвестиция салуға қолайлы жағдайлар туғызу, қызмет көрсету саласындағы стандарттар мен сертификаттарды белгілеу, жаңа туристік орталықтар мен бағыттарды ашу, туризм саласына арнап мамандар дайындау сапасын арттыру, туристік полиция құру, туристік орталық ретінде Алматының имиджін көтеру көзделген.
2007-жылы аяқталатын бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін бюджет қаржысынан 100,7 мың теңге жұмсау қажет. Алматыдағы туристік инфрақұрылым мен мейманхана индустриясына арналған атаулы бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті жалпы қаржы көлемі жаңа мейманханалар салу мен қазіргілерін жөндеуге бағышталған қаржыны қоса ескергенде 1 млрд. долларды құрайды.
2010-жылы туристік мекемелердің жалпы сыйымдылығы 17,3 мың орынға дейін ұлғайтылуы тиіс. Нәтижесінде мейманханалардағы орындар саны үш есе артқалы отыр. Сондай-ақ, 2010-жылдың аяғына дейін Алматыға 49 мың қазақстандықтар мен 152 мың шетелдік туристер келеді деп күтілуде. 2004-2010-жылдары сыртқы туризмнен түсетін бюджет түсімдері 365 млн. долларға жетеді.
Бағдарлама мәтіні ресми басылымдарда жарияланған.