Кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің мәйіті 12-қаңтарда Алматы қаласы Медеу ауданының аумағынан жанып кеткен "Ауди" автокөлігінің жүксалғышынан табылған. Полиция қаза тапқан әйелдер - 31 жастағы кәсіпкер мен оның 53 жастағы анасы Алматы тұрғындары екенін анықтады. Жас әйел буындырып өлтірілсе, оның анасының денесінен көптеген пышақ іздері табылды.
Мәлім болған ақпаратқа сәйкес, кәсіпкер әйелдің бірнеше сауда орны болған. Автокөлік те соныкі. Қылмыс тонаушылық мақсатымен жасалған болуы мүмкін деген жорамалға бағынған тәртіп сақшылары қалада жұмыс істеп, Алматы облысында тұратын, кәсіпкер әйелдің үш танысының ізіне түсті. Олардың кінәлі екеніне дәлелдер тапқан қылмыстық полиция қызметкерлері күдіктілерді қамауға алды. Ұсталғандар қылмысын мойындады. Қылмысты күні бұрын жоспарлағанын қаныпезерлер жасырмаған. Олар әйелдердің ақшасы мен алтын-күмісіне ауыз салған.
Қазір тұтқындар Алматы қалалық ІІББ уақытша тергеу қапасына қамалды.