"Тергеушілер болған оқиғаға қатысты барлық болжамдарды қарастырып жатыр",- деді баспасөз қызметіндегілер.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінен хабарлағанындай, тәртіп сақшылары сот сараптамасы орталығының жоғары кәсіби қызметкерлерінің қатысуымен жексенбіде оқиға орнында қосымша тексерулер жүргізді. Сот сараптамасы орталығының Алматыдағы филиалының директоры Нұрлыхан Ережеповтың айтуынша, сонымен бірге марқұмның мәйітіне де сараптама жасалды. "Сарапшының қорытындысы қосымша зерттеулердің нәтижесі шыққаннан кейін жария етіледі",- деді Н.Ережепов.
Марқұмның адвокаты Серікқали Мусиннің KZ-today тілшісіне хабарлауынша, қазір "екі тәуелсіз сот-медициналық сарапшыны жұмысқа тарту мәселесі шешіліп жатыр".
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, З.Нұрқаділовтың денесі 12-қараша күні кешкісін Луганск көшесінің бойындағы өз үйінен табылған. Полицияның алдын-ала қорытындысына сәйкес, ол басынан оқ тию салдарынан қаза тапқан. Оқиға орнынан Нұрқаділовтың өзіне қарасты "Кобальт" тапаншасы табылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі қоғам қайраткері Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің оқыста өмірден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып жеделхат жолдады.
Президент сондай-ақ еліміздің құқық қорғау органдарына бұл қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, анықтауға тапсырма берді.