Оның айтуынша, күдікті ретінде 40 жастағы Алматылық жұмыссыз азамат ұсталған.
Әлгі еркек "жарылысқа дейінгі алты күн бойы "Отан" партиясының кеңсесінің жанынан кетпей қойған". "Дәретханаға барамын деген сылтаумен ол бірнеше мәрте ғимаратқа кіруге әрекет жасаған, бірақ күзетшілер оны жібермеген",- деді қалалық ІІББ бастығының орынбасары.
Оның хабарлауынша, сондай-ақ, жарылыстардан екі күн бұрын қолына полиэтилен дорба ұстаған әлгі еркек дәретханаға кіріп шығауға мұрсат сұраған. "Отан " партиясының күзет қызметкерінің дорбадағы дүниені көрсету туралы өтінішіне қарсылық білдірген әлгі ғимараттан шығып кеткен көрінеді.
Қазір ұсталған адамның жарылысқа қатыстылығын тексеруге бағытталған шұғыл-тергеу шаралары жүзеге асырылуда, деді В.Бугаев.
Бұған қоса, қалалық ІІББ бастығының орынбасарының сөзіне жүгінсек, "полиция бүгінде басқа бағытта да" жұмыс істеп жатыр. Оның айтуынша, жарылыстардан сәл ғана кейін оқиға орнына таяу жерде біреу автокөлік айдап әкеткен. Соңынан жол апатына ұшыраған тонаушы қылмыс орнынан бой тасалап үлгереді. "Өзін біртүрлі ұстаған әлгінің қолында биялайы болса керек",- деді В.Бугаев. "Бұған қоса әзірге полиция атай алмайтын бірнеше белгілері тағы бар",- деп мәлімдеді ол. "ІІББ бұл адамды аталмыш қылмысқа қатысы бар күдікті дегенге бұлтарыссыз сеніп отыр". Қазір күдіктінің фотороботы дайындалған. 23-25 жас аралығындағы, бойының ұзындығы 170-175 см шамасындағы, арықша келген, ақсары шашты еуропалық нәсілді жігіттің ерекше белгілеріне келсек, талпақ танаулы, құлақтары қалқайған. ІІББ-ның өкілі тұрғындарды журналистр арқылы тергеу ісіне қолғабыс жасауды өтінді.
В.Бугаев сонымен бірге полицияның жексенбі күнгі оқыс оқиғаға қатысты кейбір мәселенің егжей-тегжейі анықталғанын хабарлады. Мәселен, бұған дейін жарылғыш зат ретінде әрбіреуінің салмағы 200 грамды құрайтын, қабықшасы мен толтырғышы жоқ тротил құтылар пайдаланылғаны айтылған болатын. Құқық қорғау мекемелері өкілдерінің нақтылауынша, МУВ-2 үлгілі әскери жарылғыш зат пайдаланылған. Қазір оны идентификациялау шаралары жүзеге асырылуда. Тергеуші топ осыған байланысты Қазақстанның тиісті мекемелеріне хат жолдады, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан республикаларына да сауалдар жіберілді.
Алматы қалалық ІІББ бастығының бірінші орынбасары жарылыстар - бұзақылардың ісі деген негізгі болжам әлі де қарастырылып жатқанын тағы бір еске салды. "Қоғамдық қаупі мен айтарлықтай залал-зардабы болмауға байланысты лаңкестік деген болжамді біз қарастырғамыз жоқ". "Тергеушілер сонымен бірге аталмыш ғимаратта 1998-жылдан бері орын жалдаған коммерциялық құрылымдар арасындағы өшпенділік туралы болжамды да тексеріп жатыр",- деді В.Бугаев. Оның айтуынша, соңғы жылдарда орын жалдаушылар талай мәрте өзгерген, олардың арасында күрделі шиеленістер де болыпты. Полицияның ақпаратына сәйкес, жуырда осы ғимаратта орын жалдап отырған "Отандастар" фирмасының коммерциялық директорын қорқыту оқиғасы шыққан. Осыдан көп кешікпей жарылыс болды.