Алматы қалалық прокуратурасы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын тарату туралы шешім қабылдау жөнінде сотқа шағым түсірді

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы" қоғамдық бірлестігінің 2004-жылғы 11-желтоқсанда өткен екінші құрылтайында саяси мәлімдеме қабылданды. Онда партия қазіргі билікті халыққа қарсы бағытталған заңсыз билік деп танитынын, сол себепті әкімдер мен соттардың шешіміне бағынбайтынын мәлімдеп, қоғамды батыл қадамдарға, бағынбаушылыққа үндеген.

Ал Қазақстан Республикасының Ата заңы мен "Қоғамдық бірлестіктер туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарында мақсаты мен іс-әрекеттері мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін, әлеуметтік араздыққа апарып соғатын қоғамдық бірлестіктердің жұмыс істеуіне тыйым салынады, делінген хабарламада. Сөйтіп, Алматы қалалық прокуратурасының пайымдауынша, партия мемлекеттік мекемелер мен лауазым иелерінің іс-қызметіне кедергі келтіру және оны көпе-көрнеу көзге ілмеу туралы мәлімдеп отыр.
Прокуратураның пікірінше, партия мұндай мәлімдеме арқылы мемлекеттік мекемелердің іс-қызметіне нұқсан келтіре отырып еліміздегі басқарылу деңгейін төмендетуді көздеп отыр. Ал бұл "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңның 5-бабына сәйкес Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіру болып табылады. Бұнымен шектелмей, азаматтарды бағыныштылықтан бас тартуға үндеу арқылы партия саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді ойрандауға әрекет жасап, қоғамды араздасушы әлеуметтік топтарға жіктеу арқылы әлеуметтік алауыздық тудыруды көздеуде.
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясының бұл мәлімдемелері мен үндеулері жаппай тәртіпсіздікке душар етіп, адамдардың денсаулығы мен өміріне, олардың дүние-мүлкіне, мемлекеттік және жеке меншікке қауіп төндіріп, мемлекеттік мекемелер мен шаруашылық субьектілерінің жұмысына нұқсан келтіруі ықтимал, дейді прокурарута. Осыған байланысты "Саяси партиялар туралы" заңның 14-бабына сәйкес Алматы қалалық прокуратурасы соттан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын тарату туралы шешім қабылдауды сұрайды.