Алматы қалалық және Алматы облыстық әкімшіліктері Алматыны айналып өтетін трассаны салу жобасын жүзеге асыруды қолға алды

Бұл туралы бүгін, 5-маусымда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Евгений Шатов хабарлады.

Алдын-ала жоспар бойынша жол Солтүстік және Оңтүстік жарты шеңберді қамтыған екі бөліктен тұрады. Қала шекарасынан 20 шақырым қашықтықта орналасатын аталмыш трассаның ұзындығы 100 шақырым болмақ. Жоба құны 100 млн. долларды құрайды.
Бұдан бұрын да хабарланғанындай, мұндай жобаны жүзеге асыруға Алматыда қалыптасқан ауыр экологиялық ахуал итермелеп отыр.
Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бағалауынша, қаланың ластану деңгейінің 80 проценті автокөліктердің үлесінде. Бүгінде Алматы қаласы көшелерінде күн сайын 250 мың көлік жүреді екен.
Сол себепті айналма жолды салу транзиттік көліктердің басым бөлігін қаладан тысқары бағыттауға мүмкіндік жасайды.
Сонымен бірге, қалалық және облыстық әкімшілік өкілдерінің пайымдауынша, жаңа трассаны салу - Алматы облысының қала төңірегіндегі аймақтарының экономикалық ахуалын сауықтыруға түрткі болады. Өз кезегінде бұл Алматы экономикасына да оңды әсерін тигізетіні сөзсіз.