Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ресми түрде үміткер болып жарияланды

Бұл туралы бүгін Швейцарияның Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиада комитеті атқарушы комитетінің кезекті отырысында мәлім етілді, - деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«Біз Ойындарды өткізуді ұйымдастыруда бір-бірінен өзгеше үш түрлі тәсілдемені көруге қуаныштымыз. Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуде үш тараптың бюджеті де жоспарлары да әрқалай. Бұл, бізге үш өтінімнің бірін әділ таңдауға мүмкіндік береді» - деді өз сөзінде Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах.

Енді арнайы комиссия алдағы жылдың басынан бастап, үміткер қалаларды инспекциялау, яғи бағалау сапарына шығады.


Айта кетейік,  Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бағалау комиссиясының басшысы - Александр Жуков. Ол - сонымен қатар Ресейдің Олимпиада комитетінің президенті.

Ал 2022 жылғы қысқы Олимпиаданың астанасы 2015 жылы шілде-тамыз айларында Халықаралық Олимпиада комитетінің Малайзия астанасы Куала-Лумпурде өтетін кезекті сессиясында жарияланады.