Алматы қаласында Орталық Азия елдерінің ІV Халықаралық театр фестивалі өтеді

Фестивальге Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің және Қазақстанның театрлары қатысады - Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры, Хорог қаласы М.Назаров атындағы Тәжік Мемлекеттік музыкалық комедия театры, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институты мен Шығармашылық-өндірістік «Өзбектеатр» бірлестігі, сондай-ақ, Қазақстан театрлары - Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театры, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік-Қазақстан облыстық музыкалық драма театры, Оңтүстік-Қазақстан облыстық орыс драма театры, К.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры (орыс труппасы), Республикалық неміс драма театры және Айгүл Иманбаеваның музыкалық - театрлық орталығы.

Фестивальге театр ұжымдары соңғы үш театрлық маусымда сахналанған үздік қойылымдарды ұсынуы тиіс.
Фестивальдің қазылар алқасы әйгілі театр режиссері, Литваның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Литваның орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Йонас Вайткус. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында белгілі қазақ режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанат Хаджиев, прозаик, аудармашы, драматург, Тәжікстанның көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі Абдугаффор Абдужабборов, Қырғызстанның халық әртісі Қырғызбай Осмонов, әдебиеттанушы, драматург, Өзбекстанның республикалық «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Шуҳратилла Ризаев бар.

Арнайы құрылған театр сыншыларының спектакльдерді қарап шығып, көпшілік алдында талқылауы фестивальдің негізгі бағдарламасын құрайды. Сыншылардың құрамында: Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген қызметкері, өнертану докторы Әшірбек Сығай, Ибрагим Усмонов, Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Ч.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері Джылдыз Тойбаева, Өзбекстан Республикасының Республикалық жас көрермен театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Махкамова Наргиса және тәуелсіз сыншы ретінде, өнертану кандидаты, театртанушы, режиссер, Мәскеу жетекші басылымдарынан шығатын қазіргі театрлық процестер туралы мақалалардың және «Тот самый ГИТИС» кітабының авторы Александр Смоляков.

Фестивальдің ашылуы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында 21 қазанда сағат 17.00.-де, жабылуы - 27 қазанда сағат 11.00-де өтеді. Спектакльдер М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры мен Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірім театры ғимаратында өтеді.