Алматы қаласының Әуезов ауданында үш шағын демалыс аймағы ашылды

«Алматы қаласы әкімінің тапсырысымен қалада саябақтық инфрақұрылымдарды қолдану арқылы демалыс аймақтарын жасау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Әуезов ауданында осындай үш аймақ қолданысқа берілді. Олар бюджеттің емес, негізінен демеушілердің қаржысына салынды» - деді аудан әкімінің орынбасары Архат Омаров.

«Мамыр-2» ықшам ауданында бос жатқан жерге «Бес қару» демалыс аймағы жасалды. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығына сәйкес әрлендірілді.  Ескерткіш орнатылып, гүлзар егілді. Таяуда мұнда WI-FI байланысы іске қосылады. «Жетісу-3» ықшам ауданында бұрын қараусыз жатқан жерге балаларға арналған спорт алаңы және мини-футболға арналған жасанды алаң қолданысқа берілді. «Ақсай-4» ықшам ауданының тұрғындары үшін балалар алаңынан басқа, демалыс аймағында отандық және шетелдік танымал мультфильмдердің кейіпкерлерінің мүсіндері қойылды.   

Сондай-ақ,  А. Омаров таяу уақытта Момышұлы көшесінің бойында тротуарлар кеңейтіліп, веложолдар салынып, демалыс аймақтары бой көтеретіндігін айтты. Ауданда жыл соңына дейін, тағы да 6-7 шағын демалыс аймақтары жасалады.