Алматы қаржы полициясы алақтық бойынша айыпталған "Көмірбанк" ААҚ-ның бұрынғы жетекшісіне қатысты істі сотқа жолдады

Х.Қасымхановқа ҚР Қылмыстық кодексінің "Ірі көлемдегі алаяқтық" жөніндегі 177-бабының 3-тармағы, 220-бабының "Банк қаржысын заңсыз пайдалану" жөніндегі 1-тармағы бойынша айып жүктелген.

Қылмыстық іс материалдары бойынша, Х.Қасымханов "Oil Trading Ink" ЖШС атты жалған кәсіпорынның директоры С.Жандәулетовамен алдын-ала ымыраласу арқылы серіктестік атынан жалпы номиналдық құны 2,5 млн. долларға тең екі қарапайым вексель эмиссиясын айналымға шығарған.
Бұдан кейін "Эксимбанк" ЖАҚ-ына вексель арқылы тартылған қаржыны мұнай өңдеу және бұрғылау жабдықтарын сатып алуға пайдалану туралы "Көмірбанктен" ұсыныс келіп түскен. Нәтижесінде "Эксимбанк" ЖАҚ "Көмірбанктің" кепілдігімен "Oil Trading Ink" ЖШС-мен вексельдік келісімге қол қояды.
"Көмірбанк" берген банк кепілдігі бойынша "Эксимбанк" "Oil Trading Ink" ЖШС шығарған 2,5 млн. доллардың вексельдері бойынша аваль жазып, кепілдік береді. Қаржы вексельді иемденуші - "Bank Gesellschaft Berlin AG" шетелдік банкінен аударылады. Ал соңынан вексельдер кәсіпорынның "Көмірбанк" ААҚ-ындағы есепшотына аударылады.
Несие қаржысы "Oil Trading Ink" ЖШС-нің есепшотына түскеннен кейін Х.Қасымханов кәсіпорынның "Көмірбанк" ААҚ-ына несиелік берешегін өтеу үшін 250 630 860 теңгені ЖШС есепшотынан "Мұнай-Секьюрити" ЖШС-нің есепшотына аударуға тапсырма береді. Алайда, вексель авалі есебінен несие алмас бұрын "Oil Trading Ink" ЖШС атынан "Мұнай-Секьюрити" ЖШС үшін оның "Көмірбанк" ААҚ-ына несиелік берешегін акцептсіз тәртіппен өтеу жөнінде кепілдік беру туралы өтірік келісім-шартқа қол қойылады.
Сөйтіп, өзінің лауазымдық құқығын асыра пайдаланған Х.Қасымханов С.Жандәулетоваға ЖШС есепшотынан 3,59 млн. теңге алуға бұйрық береді. Ақшаны есепшоттан алған әйел банктің операциялық қызметкерінен банк басқармаларының төрағасы орынбасарының атынан "Көмірбанк" алдындағы бұрынғы берешегін өтеу үшін осы көлемде қолма-қол ақша түскені туралы мәлімдеме -қағаз алады. Сөйтіп, Х.Қасымханов қосымша 3,59 млн. теңгені тағы да иемденіп кетеді.
Бұл іс бойынша Х.Қасымхановпен бірге жалған ЖШС-нің жетекшісі С.Жандәулетоваға да ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы бойынша "Заңсыз несие алып, оны мақсаттан тыс пайдалану" туралы айып тағылып отыр.